Жаңалықтар

Қазақстандағы есірткілер тізіміне қосымша 27 препарат енгізілді

ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек есірткі заттарының тізімі жаңартылғанын хабарлады. Енді оған есірткілер мен прекурсорлардың тағы 27 атауы кіреді.

«20 наурызда ҚР Үкіметі бірқатар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін актіге қол қойды. Ол арқылы мемлекет бақылауына есірткілер мен прекурсорлардың қосымша 27 атауы енгізілді. Қазіргі уақытта бұл тізімдерде айналымын мемлекет бақылайтын мыңнан астам зат бар», – дейді Шұғыла Тұрлыбек.

Оның айтуынша, қазір тізімге есірткілер мен психотроптық препараттардың тағы 15 атауы, сондай-ақ оларды өндіру үшін қолданылатын заттар – прекурсорлардың 12 атауы енгізілді.

«Дәріханалық нашақорлықпен күресу мақсатында психотроптық заттардың тізімі нашақорлар эйфория әсерін алу үшін қолданатын және есірткіге құмарлықтың қалыптасуына ықпал ететін психотропты анальгетик – трамадолмен толықтырылды», - деп атап өтті спикер.

Қылмыстық жауапкершілікке тартқызатын трамадолдың салмағы 0,1 грамға дейін – шағын өлшем, 10 грамға дейін – үлкен өлшем, 10 грамнан – аса ірі өлшем болып белгіленді.

Енді трамадол тек рецепт бойынша және есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымына байланысты қызметке арналған лицензиясы бар дәріханалар мен емдеу-профилактикалық ұйымдарда ғана берілетін болады.

Трамадолдың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қолданыстағы заңнамаға сәйкес басталатын болады. Қылмыстық кодексте есірткіні заңсыз сақтау, өндіру, өткізу және контрабандасы регламенттелген..

«Ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып, есірткіні жарнамалау және насихаттау, есірткінің заңсыз айналымы, сондай-ақ оларды тұтынуға тарту үшін жауапкершілік белгіленді. Үкімет қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі», - деп түйіндеді сөзін Шұғыла Тұрлыбек.

Дереккөз: Қазақ фармацевтикалық жаршысы