БАҚ

Қазақстанға төртінші вакцина – қытайлық CoronaVac әкелінді. Ол туралы не белгілі?

2021 жылдың 2 маусымы, 17:30
АЗАТТЫҚ радиосы
2 маусымда ДДСҰ «төтенше жағдайларда қолдануға арналған» белгісі бар қытайлық Sinovac вакцинасының мақұлдады. Жақында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі бұл вакцинаның 500 мың дозасын алғанын хабарлаған.

ДДСҰ деректері бойынша, қытайлық CoronaVac вакцинасын алғандардың 51 пайызында кейін жұқтыру белгілері байқалмаған. Тіпті COVID-19 жағдайында да вакцина қатты аурудан және тиісінше ауруханаға жатқызудан қорғайтыны хабарланады.

ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус баспасөз мәслихатында CoronaVac қауіпсіз, тиімді және жоғары сапалы вакцина екенін айтты.

Вакцина екі-төрт апта аралықпен берілетін екі дозадан тұрады. Тасымалдау және сақтау үшін +2-ден +8 градусқа дейінгі температура жеткілікті.

«Сақтаудың қарапайымдылығы CoronaVac-ты қаражат болмаған кезде ең үнемді нұсқаға айналдырады», - деді Гебрейесус.

CoronaVac-тың төтенше жағдайда қолдануға мақұлдануы оған Covax вакциналарын таратудың жаһандық бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді. Бағдарлама вакциналарды кедей елдерге жеткізуді көздейді.

CoronaVac – ДДСҰ мақұлдаған екінші қытайлық вакцина. Бір ай бұрын бұл тізімге қытайлық Sinopharm компаниясы әзірлеген вакцина енгізілген болатын. Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған, Hayat-Vax деп аталатын бұл вакцинаны қазақстандықтар да алады.

Осы екі қытайлық вакцинадан басқа ДДСҰ тізімінде тағы алты вакцина бар - Pfizer/BioNTech, Moderna, Janssen және Oxford/AstraZeneca. Еуропалық Одақ, Оңтүстік Корея және Үндістанда өндірілген Oxford/AstraZeneca вакциналары бөлек тіркеледі.

Қазақстанда кеңінен қолданылып жүрген ресейлік «Спутник V» вакцинасы бұл тізімде жоқ. Отандық QazVac да ДДСҰ қарастырған вакциналар қатарына әлі қосылмаған.

ДДСҰ CoronaVac-ты 18 жастан үлкен адамдарды вакцинациялауға ұсынады. Ұйым егде жастағы адамдар да вакцинаны ала алады дейді.

CORONAVAC ВАКЦИНАСЫ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Sinovac компаниясының вакцинасы инактивацияланған, ескі және қарапайым түрде жасалған. Вакцина өлтірілген коронавирусты адам ағзасына жеткізеді және иммундық реакцияны тудырады. Осыған байланысты CoronaVac қазақстандық QazVac вакцинасына ұқсас. Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған қытайлық Hayat-Vax вакцинасы да осындай жолмен жасалған.

Салыстыру үшін: ресейлік «Спутник V» вакцинасында адамға зиян келтірмейтін модификацияланған аденовирус (вектор) қолданылады. Векторға SARS-CoV-2 вирусының тікен тәрізді ақузының гені енгізіледі. Oxford/AstraZeneca және Johnson & Johnson вакциналары да осылай әзірленген.

Pfizer және Moderna вакциналары матрицалық РНҚ (мРНҚ) молекулаларын пайдаланады. Бұл молекулаларда коронавирустың генетикалық кодының бір бөлігі бар. Вакцина әзірлеуде РНҚ матрицалық молекулаларын пайдалану жаңа технология болып табылады.

Векторлық және мРНҚ вакциналары анағұрлым күрделі әдіспен әзірленген және дәстүрлі әдіспен жасалған вакциналарға қарағанда әдетте тиімдірек. Бірақ соңғы вакциналарды тасымалдау және сақтау оңайырақ.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, CoronaVac вакцинасы 40-тан астам елде мақұлданған. Sinovac вакцинасын өндіруші тапсырыс берушілерге 600 миллион дозаны жөнелткенін, оның 430 миллионы егілгенін айтты.

ДДСҰ тағы бір қытайлық вакцинаны зерттеп жатыр. Бірақ CanSino Biologics компаниясы әзірлеген вакцинаның нәтижелері туралы деректер әзірше жоқ.

ВАКЦИНАНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ҚАНДАЙ?

Қытайдың жеткілікті ашық болмауына және эпидемиямен күресудің саяси сипатқа ие болуына байланысты ғылыми қоғамдастық CoronaVac вакцинасының тиімділігі туралы деректерге аздап күмәнмен қарады. Беделді медициналық басылым Lancet тек вакцина сынақтарының бірінші және екінші кезеңдері туралы ақпаратты жариялады. Олар бойынша, бірінші кезеңде 144 адам, екінші кезеңде 600 адам қатысқан сынақ нәтижесінде «вакцинаны төтенше жағдайларда қолдануға болады» деген қорытынды шығарылды.

CoronaVac вакцинасы сынақтарының үшінші кезеңі бірнеше елде жүргізілді, әр елде әртүрлі нәтижелер болды. Түркияда сынаққа 13 мың адам қатысып, тиімділігі 84 пайызды құрады. Чилиде қытайлық вакцинаны 10,5 миллион адам қабылдады, тиімділігі 67 пайызды құрады. Индонезияда 1620 адам қатысты, тиімділігі шамамен 65 пайызды құрады. Бразилияда 12 688 адам қатысып, тиімділік көрсеткіші 51 пайыз болды.

Бұл пайыздар – вакцинациядан кейінгі COVID-19 ауруының көрсеткіші. Басқаша айтқанда, вакцина тиімділігінің пайызы – кейіннен коронавирусты жұқтырмаған сынаққа қатысушылардың пайызы.

Сонымен қатар, ауруханаға жатқызу, қарқынды терапия алу және өлім-жітім сияқты көрсеткіштерге әсері есептеледі. Мысалы, Чилиде вакцинаның жалпы тиімділігі 67 пайызды құрады, бірақ ауруханаға жатқызудан қорғау 85 пайызды, реанимациядан қорғау 89 пайызды, тірі қалу 80 пайызды құрады.

31 мамырда американдық Wall Street Journal Бразилиядағы сынақ CoronaVac өлімді 95 пайызға азайтқанын көрсетті деп хабарлады. Басылымның мәліметінше, ақпан-сәуір аралығында 45 мың тұрғыны бар Серрана қаласында жаппай вакцинация жүргізілген. Осылайша ақпан айынан мамыр айының ортасына дейін қалада өлім көрсеткіші күрт төмендеді. Симптоматикалық аурулар мен ауруханаға жатқызулар да сәйкесінше 80 және 86 пайызға төмендеді.

Бірнеше күн бұрын AFP агенттігі халқы жаппай CoronaVac вакцинасымен егілген Уругвайда өлім деңгейі 97 пайызға төмендегенін хабарлады. Қытайлық вакцина елге 1 наурызда әкелінді.

Дегенмен, ДДСҰ Сарапшылардың стратегиялық кеңестік тобының (SAGE) CoronaVac туралы бастапқы баяндамасында (2021 жылдың сәуір айының соңында жарияланған) кейбір деректер әлі де жетіспейді деп айтылған.

«Біз екі доза CoronaVac (18-59 жас) ересектердегі ПТР расталған жұқтырудың алдын алу үшін тиімді екеніне сенімдіміз, бірақ жүкті әйелдер мен егде жастағы адамдарда вирустың басқа нұсқаларына қарсы қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы ақпарат аз», - делінеді SAGE баяндамасында.

ҚАЗАҚСТАН CORONAVAC ВАКЦИНАСЫН ҚАЛАЙ АЛДЫ?



Қытайлық вакцина елге жеткізілгені туралы министрлік сейсенбі, 1 маусымда хабарлады. Жаңа екі дозалы вакцинаны 18 жастан үлкен адамдарға беруге болады, деп хабарлады министрлік. Дозалар арасындағы аралық 14-28 күн.

Вакцинаға Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша «СК-Фармация» компаниясы тапсырыс берген. «СК-Фармация» компаниясының баспасөз хатшысы Әсел Медеттің Азаттыққа айтуынша, вакцинаның бірінші партиясы 250 мың адамға есептелген және екі дозадан тұратын вакцинаның бір жиынтығы 7 055 теңге тұрады. Компания өкілінің айтуынша, тапсырысты «Медсервис плюс» ЖШС орындаған.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңадан әкелінген вакцина барлық егу пунктерінде болатынын айтты.

Бұл қазақстандықтар таңдай алатын коронавирусқа қарсы төртінші вакцина. Елімізде вакцинация науқаны 1 ақпанда басталды. Бастапқыда адамдарға ресейлік «Спутник V» вакцинасы егілді. 23 ақпанда Қарағандыда шығарылған ресейлік вакцинаның қазақстандық нұсқасы нарыққа шықты. Екі айдан кейін үшінші вакцинаны қолдану басталды. 26 сәуірде сынақтың үшінші кезеңінен өтпеген отандық QazVac вакцинасы қазақстандықтарға арналған вакциналар тізіміне енді.

Сәуір айының соңында «Самұрық-Қазына» қоры қытайлық Sinopharm компаниясынан Hayat-Vax атты вакцинаны сатып алғаны белгілі болды. Компания Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылған вакцинаның миллион дозасын «ең алдымен осы қор қызметкерлерінің қажеттіліктері үшін» сатып алғанын айтты. Бірақ кейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «Самұрық-Қазына» қоры сатып алған вакциналардың барлығына қолжетімді екенін мәлімдеді.

19 миллионға жуық халқы бар Қазақстанда 10 миллион адам екпе алуы мүмкін. 2 маусымдағы жағдай бойынша 96 310 адам екпенің екі дозасын алған. 2,1 миллионнан астам адам кем дегенде бір дозаны алды.

Соңғы күндері, ресми мәліметтерге сәйкес, коронавирусты жұқтырудың расталған жағдайлары біртіндеп азайып келеді. Сәуір айының екінші жартысында күніне індетті жұқтырғандар саны шамамен 2,9 мың адамды құраса, осы аптада бұл көрсеткіш 1,5 мыңға да жетпейді. Дегенмен, күн сайын 20-дан астам адам COVID-19-дан қайтыс болып жатыр.

Қазақстанда індет басталғаннан бері 444 мың адам коронавирус жұқтырғаны расталды. ПТР әдісімен вирус 389 мың адамда, 55 мың адамда симптомдар бойынша (коронавирустық пневмония) анықталған. Аурудан кем дегенде 7 365 адам қайтыс болды. Сондай-ақ коронавирус инфекциясы бар, бірақ басқа аурулардан қайтыс болған пациенттер туралы деректер бар. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мұндай мәліметтерді тұрақты түрде жарияламайды. Сәуір айында Азаттықтың осы тақырыпқа қатысты сұрағына министрлік 2021 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша мұндай 1619 жағдай тіркелгенін айтты.