Жаңалықтар

Аймақтағы ауруханалар шала туылған нәрестелердің соқырлығын анықтайтын жабдықтармен қамтамасыз етілді

Қазақстанның медициналық ұйымдары «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен офтальмологиялық скринингке және шала туылған нәрестелердің соқырлығын емдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз етілді.

13 аймақтағы 28 медициналық мекеме офтальмологиялық линзалар мен офтальмоскоптар алды, сондай-ақ сәуір айында лазермен қамтамасыз етіледі. Барлық жабдықтардың жалпы құны 307 миллион теңгені құрайды. Медициналық ұйымдарға жабдықтар жеткізу мамандарды оқытумен қатар жүреді.

Офтальмологиялық жабдықты қолдану шала туылған нәрестелердің соқырлығын (ретинопатия) анықтауға, емдеуге уақтылы жіберуге және болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қордың ресми өкілі Диас Бейсенбектің айтуынша, Қазақстан аймақтарындағы медициналық ұйымдардың көпшілігінде офтальмологиялық скринингке арналған жабдықтар жетіспейді.

2022 жылы елімізде дене салмағы 2500 грамнан аспайтын 20 мыңнан астам сәби дүниеге келді, оның ішінде 5 мыңға жуық жаңа туған нәрестеде ретинопатияның даму қаупі жоғары. Сондықтан шала туылған нәрестелерді офтальмологиялық скринингпен қамтуды арттыру, ретинопатияны уақтылы емдеу және мүгедектік деңгейін төмендету мақсатында «Қазақстан халқына» қоры медициналық ұйымдарды офтальмологиялық скрининг пен шала туылғандардың ретинопатиясын емдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз ету бағдарламасын бастады.

Шала туылған нәрестелердің ретинопатиясы нашар көрудің, балалардың көруден мүгедектігінің және балалық соқырлықтың негізгі себептерінің бірі болып табылады.

Дереккөз: Қазақ фармацевтикалық жаршысы