БАҚ

Алматыда дәрі-дәрмек жеткізуде іркілістер жоқ – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

09.07.2020
"Алматы" телеарнасы
Арнайы топтар қаланың дәріханалары мен қоймаларындағы дәрі-дәрмектің бар-жоғын бақылауды жалғастыруда.

Алматының ірі қоймаларында дәрі-дәрмек тапшылығы мен қазақстандық және шетелдік өндірушілердің дәрі-дәрмектерін жеткізуде іркілістері анықталған жоқ. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері мен қоғамшылдардан құралған мониторингтік топтың тексеруі барысында белгілі болды. Рейдтің мақсаты – мегаполистің дәріханаларында вирусқа қарсы және қабынуға қарсы препараттар бағасының көтерілу себебін анықтау.

Almaty.tv тілшісі Дина Жаңабекованың репортажы.

Қалалық ірі қоймалардың біріндегі дәрі-дәрмекпен басына дейін толтырылған сөрелерді қарап шыққан тексерушілер ірі жеткізушіден дәрі-дәрмек тапшылығының жоқтығына көз жеткізді. Тексерушілер Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген шекті бағалардың асыра көтерілуін де таппады.

«Қазір олар дәрі-дәрмекті сатып алатын Еуропада олардың бағасы өсіп жатыр. Бірақ соған қарамастан олар Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен бағамен сатады. Олардан жоғары сату жүргізілмейді», – дейді Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәнияр Таумұрат.

Жеткізушілер өздері түсіндіргендей, шетелдік өндірушілер дәрі-дәрмек бағасының көтерілуін шикізаттың қымбаттауымен түсіндіреді. Ал адал баға саясаты бар компанияларға жүгінбес бұрын олар ұсынылатын дәрілердің сапасын мұқият тексереді.

«Бірінші орында тауардың бағасы емес, тауардың қауіпсіздігі мен сапасы және дәрілік заттардың тиімділігі. Сондықтан біз алдымен тауардың сапасына, сосын ғана тауардың бағасына назар аударамыз. Өйткені республика аумағына кіретін тауардың қауіпсіз әрі сапалы болуы өте маңызды», – дейді «Медсервис плюс» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Саида Ерденбекова.

«Дәл осы сөрелерден күн сайын еліміздің барлық дәріханалары мен медициналық мекемелеріне дәрі-дәрмектің мыңдаған қаптамалары жеткізіледі. Қазақстанда осындай он төрт қойма бар. Компания өкілдерінің айтуынша, бүгінде өндірушілерден жеткізілім тапшылығы байқалып тұрған жоқ», - дейді журналист.

Осылайша, қоймалардан босатылатын дәрі-дәрмектің бағаларын Денсаулық сақтау министрлігі бекітіп, қатаң қадағалайды. Алайда, фармацевтикалық компаниялар дәрі-дәрмекті дәріханаларға қандай бағамен сататыны туралы ақпарат жеткізушілерде жоқ екен.

«Бүгін біз қоймалардағы жағдайдың негізінен реттелгенін анық көрдік. Ал жеткізушілер лицензиясын бағалап, дәрілерді бөлшек бағамен сатады. Сонымен, бізде сұрақ туындайды, іркіліс тізбектің бір жерінде болады деген қорытынды жасадық. Қоймадан дәріханаға дейін. Немесе бір жерде бір-бірінен қайта сатып алады және әрқайсысы маржиналдықты арттырады, нәтижесінде баға көтеріледі. Қазір бағаны көтеріп жіберіп, осыны пайдаланып асырып пайда алып жатқан жосықсыз дәріханаларды айтамын», - деді Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәнияр Таумұрат.

Арнайы топтар дәріханалар мен қоймалардағы дәрі-дәрмектің бар-жоғын бақылауды жалғастыруда, сондай-ақ сұранысқа ие дәрілердің Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген бағамен сатылуын қадағалайды.

Дина Жаңабекова, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы