Жаңалықтар

«Қазақстан халқына» ҚҚ эпилепсиямен ауыратын 88 балаға препараттар сатып алды

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыр және сирек кездесетін дертке шалдыққан қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жалғастыруда. 2023 жылдың ақпан айының соңы мен наурыз айының басында 5 аймақтың денсаулық сақтау басқармаларына эпилепсия диагнозы қойылған 88 балаға жалпы сомасы 4,4 млн теңге «Сабрил» препараты жеткізілді.

Препарат Түркістан облысында 21 балаға, Шымкент қаласында 24 балаға, Павлодар облысында 18 балаға, Солтүстік Қазақстан облысында 12 балаға және Ақмола облысында 13 балаға беріледі.

«СвиксБиоФарм» компаниясы «Сабрил» дәрілік затымен қамтамасыз етуді алдын ала тапсырыстың арқасында ғана ұйымдастыра алды.

Жалпы, өткен жылдан бері «Қазақстан халқына» қоры өміріне қауіп төндіретін және созылмалы аурулары бар 236 пациентті 16,1 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттармен қамтамасыз етті. Оның 230-ы сирек (орфандық) аурумен ауыратын пациенттер, оның ішінде 204-і балалар.

Эпилепсия - бұл үлкен ми сыңарының қыртысындағы шамадан тыс нейрондық разрядтардың салдарынан туындайтын қозғалыс, сезімталдық, вегетативтік, ойшыл немесе психикалық функциялардың қайталанатын, көбінесе себепсіз ұстамаларымен сипатталатын созылмалы ми ауруы.

ДДСҰ деректері бойынша, әлемде 50 млн дейін адам эпилепсиямен ауырады, бірақ олардың тек 25% ғана тиісті дәрі-дәрмекпен емдеуді алады. Сонымен қатар, заманауи дәрілер 70% жағдайда адамды ұстамалардан толығымен босатуға мүмкіндік береді. Мұндай препараттар тиімді және аз уытты, психика мен көңіл-күйге әсер етпейді.

Қазақстанда эпилепсиямен ауыратын 45 мыңнан астам адам бар, оның шамамен 40% – балалар.

Дереккөздер: «Қазақстан халқына» ҚҚ баспасөз қызметі, Қазақстан фармацевтикалық шолуы.